Ақмола облысында күн жыли бастаған кезде кененің шағу қаупі ұлғаяды. Кененің қауіпті маусымы – мамыр мен маусым.
Кене неліктен қауіпті?
Кене энцефалиті – табиғи ошақтық, вирустiк жұқпалы ауру. Кене энцефалитiнiң вирусы адамның орталық жүйке жүйесiн, миы мен жұлынын зақымдайтын сал, яғни параличке шалдықтыратын және адам өліміне әкелетін қауiптi ауру.
Бұл ауруды кенелер таратады, олар көбінесе орманды жерлерде кездеседі.
Кене шаққанда адам ауырғанын сезбейді, өйткені кене вируспен бірге қан мен ауру бәсеңдеткіш қабыққа енеді.
Кенелер қашан және қай кезде шағады
Кенелердің белсенді мезгілі жаздың басы.
Орман, тоғайлы жерлерге барар алдында кененi денеге жолатпас үшiн мiндеттi түрде арнаулы киiм кию керек: яғни жеңi ұзын ер адамның көйлегiн киiп, жағасын, жеңiн түймелеп, етегiн шалбарға салып, шалбардың балағын аяқ киiмге салу керек. Басқа орамал байлап, дененiң ашық жерлерiне, яғни бетке, қолға, мойынға кененi жуытпайтын арнаулы химиялық заттарды жағу керек. Репелленттердi көйлектiң жағасына, жеңiне жағу керек. Сондай-ақ, әрбiр 2-3 сағат сайын киiмдердi, желке мен құлақтың тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият қарап, жабысқан кене болса отқа жағып жiберген дұрыс. Ормандарға демалуға немесе жұмысқа барғанда, қалың шөбi, бұтасы аз, күнннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге орналасқан дұрыс. Кененiң адамдарға ең көп шабатын уақыты таңғы сағат 8-ден 11-ге дейiн, және кешкi сағат 5-пен 8-дiң аралығы. Күн ыстықта сағат 11 ден 17-ге дейiн олардың белсендiлiгi төмендей түседi.
Егер кене шақса
Қан сорғыш кенені басуға немесе тез шығаруға тырысуға болмайды.
Кене қадалған кезде оны жылдам алу үшiн өсiмдiк майын немесе керосин тамызып,шамалы уақыт күтіп, iлмектiң не болмаса дәке оралған саусақтың көмегiмен ары-берi қозғалтып, аяғы үзіліп қалып қоймас үшін ептеп алып тастаған жөн. Егер де аяғы үзіліп қалып қойған жағдайда, оны отқа күйдірілген иненің көмегімен алып тастау керек. Кененiң орнын йод ерiтiндiсiмен немесе арақпен немесе спиртпен зарарсыздандыру керек. Кененi алғаннан соң, тамақты қолмен жегенде асқазан – ішек жолдары арқылы энцефалит инфекциясын жұқтырмау үшін қолды сабындап, жуып тастау керек. Тазаланбаған қолмен көзді, ауыз қуысын және мұрынды ұстауға болмайды.
Медбике Л. Алтухова